Батыс Қазақстанда өртке байланысты 44 адам ауылдан көшірілді

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде бүгін құрғақ шөптің 41 өрті тіркелген

Фото: instagram.com/batysqaz_tjd

Батыс Қазақстан облысында өртке байланысты ауылдан 44 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД мәліметінше, өңірде бүгін құрғақ шөптің 41 өрті тіркелген.

Соның 20-сы сөндірілсе, Орал қаласында, сондай-ақ Ақжайық, Теректі, Бөрлі, Казталов және Бәйтерек ауданында 14 өрт ошағы бақылауда.

«Әсіресе, Теректі ауданында күрделі жағдай қалыптасты. Әйтиев ауылы маңында 50 га жер (26 га - құрғақ шөп, 24 га - орман), 2 қора-қопсы отқа оранды. 10 үй (44 адамның 16-сы бала) қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнына облыс әкімі мен ТЖД бастығы барды. Сол секілді Құмақсай ауылы маңында 25 га жерде жалынның орманға ауысу қаупі бар. Жаңаөмір ауылы маңында жану аумағы анықталу үстінде. Казталов ауданы Болашақ ауылы маңында 4 800 гектар құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өңірде өрттерді сөндіру жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ТЖМ баспасөз қызметі Ақтөбе облысы ТЖД жеке құрамынан 32 адам мен 5 техника Батыс Қазақстан облысындағы құрғақ шөп өртін сөндіруге көмектесу үшін жолға шыққанын хабарлады.