Алматы базарындағы өрт толығымен сөндірілді

Автор: Azattyq Rýhy

Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ

Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Бүгін, 9 шілдеде түскі сағат 12 шамасында Алматыда «Кенжехан-2» киім базары аумағындағы қоймалардың бірі отқа оранып, ондағы өрт сағат 12-52-де оқшауланған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Оқиға орнында бірден жедел штаб құрылып, өртті сөндірудің үш учаскесі анықталды. Көрші тұрған контейнерлерге оттың ұласпасы үшін өрт оқпандары іске қосылды. Тауарлық-материалдық құндылықтары бар қоймалардың, көптеген көліктің жүктемесі барына, базар аумағындағы адамдардың болуына қарамастан өрт сағат 14:05-те толықтай сөндірілді», - делінген хабарламада.

Мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД және қалалық қызметтердің күштері мен құралдары тарапынан 74 адам, 20 техника жұмылдырылды.