Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Астанада балабақшалардың бірінде тәрбиешілер жұмыс кезінде спирттік ішімдікке мас болып жүрген. Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 4 шілдеде болған. Мас тәрбиешілер туралы ақпарат полицияның «102» нөміріне түскен.
«102» арнасына балабақшада тәрбиешілер ес-түссіз жүргені, балалардың қараусыз қалғаны туралы ақпарат түсті. Полиция қызметкерлері келгеннен кейін факт расталды, тәрбиешілер мас күйде болды», - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Ал балаларды ата-аналары алып кеткен.
Бұл факті бойынша Байқоңыр ауданының полиция басқармасы ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.