Дәулет Тұрлыхановтың әскерден қашып кеткен ұлы жазаға тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот оны 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды

Коллаж: Azattyq Ruhy

Жақында әскери бөлімнен қашып кеткен қатардағы сарбаз Нұрасыл Болат басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Алматы қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған қатардағы Б.-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Оған әскери бөлім бастығының белгіленген тәртіппен берілген бұйрығын орындаудан ашық бас тартты деген айып тағылды.  

Сот анықтағандай, 2 шілдеде әскери бөлімнің қатардағы сарбазы Б. Алматы гарнизоны гауптвахтасынан шыққаннан кейін командирдің бұйрығына сәйкес өзінің әскери бөліміне өтбаруға міндеттелді», - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.

Сот мәліметінше, сарбаз лейтенант А. жеткізген бөлімше командирінің бұйрығын орындаудан ашық түрде бас тартып, Әскери полиция басқармасының ғимаратына келген автокөлікпен белгісіз бағытқа кетіп қалған.

«Сот отырысында Б. іс материалдарында көрсетілген мән-жайларды растады. Сот қаулысымен қатардағы Б. ӘҚБтК-нің 652-бабының 6-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.