Серік Күдебаевтың апелляциялық шағымын сот өзгеріссіз қалдырды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол қаңтар оқиғасы бойынша 10 жылға сотталған болатын

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy

1 шілдеде Жетісу облысының облыстық соты Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша апелляциялық шағымды қарады. Қаңтар оқиғасы бойынша 10 жылға сотталған Серік Күдебаевтың апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Серік Күдебаев сот үкімімен келіспей апелляциялық шағым түсірді. Апелляциялық шағым өзгеріссіз қалды»,- деді Жетісу облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі Нұрсұлтан Орынбасаров.

Еске салайық, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев билігін асыра пайдаланды деп айыпталған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, Полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Бүлікшілер сол жерден қару-жарақ ұрлап кеткен.

Жақында сот үкімімен Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды.