Павлодарда есірткі жасырушы әйел ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол есірткі жасырылған жерлерді фото арқылы дүкен операторларына жіберіп отырған

Фото ашық дереккөзден

2023 жылғы 28 маусым күні павлодарлық полицейлер есірткі жасырушы әйелді ұстады, одан жалпы салмағы 54,35 грамм болатын 36 орам тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз әйел қала көшелерінде бір-біріне жақын орналасқан жер учаскелерін фотосуретке түсіріп жүрген.

«Фотосуреттерді не үшін түсіріп жатқаны туралы сұраққа ол өзіне ұнаған соң суретке түсіріп жүргенін айтты, бірақ бейнежазбаларды көргенде күдікті есірткі жасырғанын мойындауға мәжбүр болды», – дейді Павлодар облысы ПД бастығы Василий Скляр.

Ведомство өкілдерінің анықтауынша, әйел мессенджерлердің бірінде есірткі заттарын таратумен айналысатын интернет-дүкенге «жұмысқа орналасу» туралы хабарландыруды көргенін айтты.

«Нұсқаулық өткеннен кейін күдікті курьер болып, есірткі жасырумен айналысқан. Олардың координаттарын фото арқылы дүкен операторларына жіберіп отырған», – дейді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.