Кадрларда ер адам қарсыласын жұлқылап, оны жерге атып ұрмақ болып жатыр
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданындағы мектептердің бірінің директоры мен оның туысы арасындағы төбелес әлеуметтік желіге тарап кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Кадрларда ер адам қарсыласын жұлқылай ұрып, оны жерге атып ұрмақ болып жатыр. Екеудің төбелесінен үздіксіз балағат сөздерді естуге болады. Оқиға куәгерлері оларды екінші талпыныста ғана ажыратып үлгереді.
Түркістан облысының білім басқармасы төбелестің екі жыл бұрын болғанын мәлім етті. Бейнежазбаның неліктен Қазнетте енді тарап кеткенін басқарма нақтылаған жоқ. Тек мектеп директорының қатаң сөгіс алғаны белгілі болды.
«Оқиға Түркістан облысының білім басқармасының бақылауына алынған. Бұл бейнеролик бойынша мектеп директоры түсініктеме берді. Оқиға 2021 жылы туысының үйінде болған. Бейнежазбадағы жағдайға келсек, ол бұл оқиға болған кезде спирттік ішімдік ішпеген, ашуланғандықтан әдепсіз сөздер айтқанын мойындады. Директорға қатаң сөгіс жарияланды», - деп сендірді Түркістан облысы бойынша адами әлеуетті дамыту басқармасының баспасөз қызметі.
Видео авторы мектеп директорының ұлы полиция инспекторы екенін, сондықтан әкесінің ерсі қылығына көз жұма қарайтынын айтады. Тәртіп сақшылары бұл ақпаратты жоққа шығарып немесе растаған жоқ. Бірақ олар әріптесінің әрекетін қызметтік комиссия тексеретінін мәлімдеді.
«Бұл оқиға Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 2 жыл бұрын болған. Аталған дерек бойынша ешкім полицияға арызданбаған. Тәртіп сақшылары тексеру барысында бұл факті отбасылық жанжал болып шыққанын анықтады. Яғни, видеодағы ер адамдар бір-біріне туыс болып келеді. 2021 жылдың маусымында туыстар арасында отбасылық мереке өткен, сол кезде түсініспеушілік болған. Артынша жанжалдасып қалған екі ер аадм қайта татуласқан. Қазіргі уақытта оқиғаға учаскелік полиция инспекторының қатысы бар-жоғын және оның тарапынан қандай да бір заңбұзушылық дерегінің болғаны анықтау мақсатында қызметтік тексеру жүргізілуде», - деп хабарлады Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.