Күйеуі өртеп жіберген астаналық әйел тоғыз күннен бері есін жиған жоқ
Оның денесінің 75 пайызын күйік шалған
Нұр-Сұлтанда күйеуі тірідей өртеп жіберген әйелдің жағдайы әлі ауыр. Дәрігерлер тоғыз күннен бері оның өмірі үшін арпаласып жатыр деп хабарлайды Tengrinews.kz.
«Ол тоғыз күннен бері жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, өмірін болжай алмаймыз. Беті бері қарайтын емес. Аман қалуы туралы да айту ерте. Ол ауыр күйікпен түсті. Қазір науқас шок жағдайынан шықты, бірақ есін жимады», - дейді Травматология ғылыми-зерттеу институтының реаниматолог дәрігері Ербол Төлегенұлы.
Оның айтуынша, адам денесінің 45 пайызын күйік шалған күннің өзінде оның аман қалуы қиын. Ал, күйеуінен зәбір көрген әйел денесінің 75 пайызы күйік алған.
«Тамақты зонд арқылы беріп жатырмыз, өкпесі жасанды тыныстандыру аппаратына жалғанған. Дәрінің көмегімен жатыр. Біз палатаға ешкімді кіргізіп жатқан жоқпыз, инфекция жұғады ма деп қауіптенеміз. Туыстарына түсіндірдік», - дейді дәрігер.
Айта кетейік, 6 қазан күні 43 жастағы ер адам өз әйелінің үстіне бензин құйып, оны өртеп жіберген болатын. Оқиға қала іргесіндегі мамандандырылған ХҚКО-ға жақын маңда болған.