Алматыда жанармай құю бекетінде мұнай өнімдері заңсыз сатылып келген

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп келеді

Фото ашық дереккөзден

ҚР Қаржы министрлігінің Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымын анықтап, жолын кесті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство акцизделетін тауарлардың көлеңкелі айналымын анықтау үшін акцизделетін өнім нарығының субъектілерін тексеру барысында Түрксіб ауданында бір салық төлеушіге тиесілі екі автомобильге жанармай құю бекетінде мұнай өнімдерінің жалпы көлемі 26295 литр болатын жанар-жағармай материалдарының заңсыз айналымын анықтады.

Мұнай өнімдерін есепке алмай сақтау және өткізу «Мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiрудi және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңды бұзу болып саналады.

«Осы заңбұзушылық үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 281-бабының 5-тармағы 8-тармақшасы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған фактілер бойынша шешім қабылдау үшін Алматы қаласының сот органдарына беру жөнінде жұмыс жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындардың акцизделетін өнімді заңсыз өткізудің барлық фактісі бойынша 8(727) 267-35-62 телефон нөмеріне хабарласуына болатынын мәлімдейді.