Павлодар облысында автокөлік кюветке аударылып, ер адам мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Жол апаты Майқайың - Баянауыл тас жолында болған

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысында автокөлік кюветке аударылып, ер адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 маусымға қараған түні жеңіл көлік кюветке ұшып кеткен.

«Өкінішке орай, зардап шеккендердің бірі – 31 жастағы ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болды. Екінші 32 жастағы ер адам Майқайың ауылдық учаскелік ауруханасына жеткізілді», – дейді станция бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко.

Айта кетерлігі, демалыс күндері облыс тас жолдарында бұдан бөлек екі ірі жол апаты болды. Павлодар - Семей тас жолында жол-көлік оқиғасында 31, 34 және 69 жастағы үш адамға көмек қажет болды. Алғашқы екеуі № 1 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді, зейнеткер ауруханаға жатқызудан бас тартты. Аққулы ауданында 2007 және 2008 жылы туған екі жасөспірім мотоциклден құлап, зардап шекті.