Мәжіліс депутаты Абай облысындағы өртке гуманитарлық көмек жан-жақтан келіп жатқанын айтты
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай эвакуацияланған тұрғындардың жағдайы жақсы екенін айтты, хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз «AMANAT» партиясының атынан бірінші күннен бастап тоғыз көмек көрсету штабын аштық. Эвакуацияланған тұрғындардың бәрін медколледж, педколледжге орналастырдық. Олардың жағдайы қазір жақсы. Төрт уақыт бойы тамағын беріп жатыр. Балаларды тіпті кинотеатрға дейін апарып қыдыртып жатыр», - деді ол.
Оның сөзінше, өртеніп кеткен үй-жай жоқ.
«Үй-жайлар орманнан алыс орналасқан. Тұрғындар тек қана мал-жандары үшін алаңдап отыр. Полицейлер малдың жүрген аумағының радиусын бақылап отыр. Марадерлар ол аумақтарға кірмейтін болады. Малдың барлығы жайлауға айдалды, жайылып жүр», - деді депутат.
Сондай-ақ, ол «Ауруын жасырған өледі» деп, қазір не керек бәрін ашық айтуымыз керек дейді.
«Біз полицейлерден де, төтенше жағдай қызметкерлерінен де не жетпей жатқанын, қандай техника жетпей жатқанын жазып беріңдер деп отырмыз. Парламентте көтереміз. Резервтегі ақша жетпеуі мүмкін. Республикалық бюджеттен бөлгіземіз», - деді ол.
Партияның Семей қаласындағы өңірлік филиалы жанындағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне жалпы сомасы 72 млн теңгеден асатын 85,5 тонна бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік жеткізілді.
Оқиға орнында Астана қаласынан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген «Жастар рухы» Жастар қанатының 500-ден астам волонтері жұмыс істеп жатыр.
Депутат сондай-ақ өрт ошағына барып, өрт сөндірушілермен кездескенін айтты.
«Жағдай өте қиын. Қарағай ағаштарын білесіздер. Оның биіктігі 20-30 метрге дейін. От жанғанда бір қарағайдан екінші қарағайға секіріп жанады. Астында тұрып қанша су шашсаң да ол өртті тоқтатуға жетпейді», - деді ол.