«Мемлекеттен тегін үй алып беремін»: Түркістан облысында тұрғындарды 5 млн теңгеге алдаған әйел ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында сегіз тұрғынды алдап, 5 млн теңге шығын келтірген күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарыағаш аудандық полиция бөліміне екі бірдей әйелден шағым келіп түсті. Арызданушылардың айтуынша, таныс әйел мемлекеттен тегін тұрғын үй алып беремін деп сенімдеріне кіріп, екеуінен 400 мың теңге ақша алған. Алайда арада біршама уақыт өтсе де, уәдесін орындамаған, ақшаларын қайтармаған.

Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.

Тәртіп сақшылары хабар алысымен күдіктіні анықтауға бағытталған шаралардың барлығын атқарды. Жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде алаяқтыққа қатысы бар тұрғын анықталды. Ол жұмыссыз, бұрын осындай алаяқтық қылмысы үшін сотты болған әйел болып шықты.

Белгілі болғандай, күдікті әйел тұрғындарды үй алып беремін деп сендіріп, ақшаны өз бас пайдасына жаратып жіберген. Сондай-ақ сарыағаштық полицейлер күдікті әйелдің жалпы сегіз тұрғынды алдап, ақша алғанын анықтады. Бұл жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 5 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.