Шардара тұрғыны үйінің ауласында сора өсірген

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

«Қарасора – 2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел ақпарат бойынша жұмыс жүргізіп, құрамында есірткі заты бар өсімдік егу дерегін анықтады. Шардара тұрғынынан сораның 11 түбі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицейлер Шардара қаласы тұрғынының ауласын тінту кезінде есірткіге ұқсас 11 өсімдік түп тапты. Заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес, алынған айғақты зат сора болып шықты.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің 300-бабы (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Деректің мән-жайы анықталып жатыр. Түркістан облысының полицейлері құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді заңсыз өсіру және есірткі құралдарын сақтау үшін қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.