Атырауда пәтерден өрт шығып, 25 адам эвакуацияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Өрттен құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ 

Атыраулық полицейлер өрт шыққан пәтерден 25 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 мамыр күні сағат 11:40 шамасында Атырау қаласы Әйтеке би көшесі б мекенжайында орналасқан 15 қабатты үйдің дәлізінің қосалқы бөлмесінде өрт шыққан. Жалын шарпыған үйге Атырау қалалық полиция басқармасының аға учаскелік полиция инспекторлары Самалбек Бегалиев пен Асыланбек Жолай оқиға орнына дереу келіп, өрттің үшінші қабаттан шығып жатқанын байқаған. Тәртіп сақшылары төтенше жағдай қызметкерлерімен бірлесіп, адам өміріне төнген қауіпті бірге ауыздықтаған.

Қызметкерлердің жедел әрекеті нәтижесінде өртке оранған үйден екі зейнеткер, 10 жасөспірім (оның ішінде төрт нәресте бар) мен 13 пәтер тұрғыны қауіпсіз жерге шығарылып, нәтижесінде 25 адам эвакуацияланды.