Апат Таиландтың Пхукет аралындағы жағалауда болған
Таиландтағы катер апатынан Қазақстанның 3 азаматы зардап шекті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Таиландтағы Қазақстан консулының ақпаратына сәйкес, катердегі жолаушылардың арасында Қазақстанның 4 азаматы болған. Олардың үшеуіне медициналық көмек көрсетілді. Дәрігерлер қарағаннан кейін екі отандасымыз ауруханаға жатқызылды. Олардың жағдайы тұрақты, денсаулықтары мен өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ», - деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, барлық медициналық шығынды катерді жалға берген тай компаниясы өз мойнына алып отыр.
«Біздің консул зардап шеккен азаматтармен және жергілікті билікпен тұрақты байланыста», - деді Смадияров.
Бұған дейін Таиландтың Пхукет аралындағы жағалауда катер апатқа ұшырап, 30-ға жуық шетелдік турист түрлі дәрежеде жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз.