Алматыда қару-жарақ салынған көлік анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Көліктен Сайга және ТОЗ қарулары, пышақ, травматикалық тапанша тәркіленді

polisia.kz

Алматының Алатау ауданы аумағында күдікті көрінген екі Toyota автокөлігінің жүргізушілері полиция назарына ілікті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Тәртіп сақшыларын көре сала жүргізуші мен оның жолаушылары жан-жаққа қаша жөнелген. Алайда, олар қолға түсті. Олардың көліктерін тексеру барысында Сайга және ТОЗ қарулары, пышақ, травматикалық тапанша, оқ анықталды және тәркіленді. Ұсталған азаматтар Алматы қаласының және Алматы облысының тұрғындары екендігі белгілі болды. Ең жасы 19 да болса, үлкені 37 жаста. Қолға түскен 8 күдіктінің үшеуі бұрын сотты болған», - деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Талғат Беркінбаев.

Полиция өкілінің айтуынша, аталған дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша тіркелді. Сараптамалық зерттеудің қорытындысын ескере отырып, қылмыстық іс бойынша қаулы шығарылды.

«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды. ҚР Конституциясы 77-бабының 3-тармағы 1-тармақшасына және ҚР ҚПК-нің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәсіз деп танылады», - деп атап өтті ол.