Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Қарағанды облысында жол апатынан мотоцикл жүргізушісі көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
13 мамыр күні сағат 22:00 шамасында Қарағанды облысы, Құлайғыр ауылының маңында Абай аудандық полиция басқармасы патрульдік полиция взводының қызметкерлерімен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ мотоцикл тоқтатылды. 29 жастағы жүргізуші көлігіне мемлекеттік нөмір тақпағанға қарамастан, мотоцикл құралын ішімдік ішкен күйде басқарғаны анықталды. Құқық бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі, 590-бабының 2-бөлігі, 593-бабының 2-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды. Соттың шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші құқығынан айырылды.
Шахтинск қаласында 13 мамыр күні сағат 15:00 шамасында 16 жастағы қала тұрғыны көпқабатты үйлердің ауласында ИЖ Юпитер 3 мотоциклін басқару кезінде жол қауіпсіздік ережелерін ескермей, 3 жастағы баланы қағып кетті. Салдарынан жәбірленуші ауруханаға жеткізілді. Сол күні сағат 23:00 шамасында Есенгелді – Қарағанды тас жолында Honda мотоциклінің 35 жастағы жүргізушісі 30 жастағы ВАЗ 21014 автокөлігінің жүргізушісімен соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан мотоцикл жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.
Аталған дерек полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.