Әскердегі лудомания: Депутат келісімшартпен жұмыс істейтіндер құмар ойындарға бейім екенін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Айгүл Құспанның айтуынша, әскердегі күрделі мәселе құмар ойын болып отыр

Фото ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында әскердегі лудомания туралы айтты, деп хабарлады Azattyq Ryhy.

«Әскердегі күрделі мәселенің бірі – құмар ойын. Әр бөлімшенің басшысы күнде сарбаздың психологиялық жағдайын, уайымын бақылап, олармен тікелей жұмыс істеуі керек. Әсіресе, олар онлайн ставка жасайды. Ақшасын жоғалтып, жеңіледі. Несие алады. Оны тағы салады. Ол несие көбейе береді. Кейін оның салдары ұрлыққа немесе суицидке дейін апарады. Құмар ойындар шекарашылар үшін өте қауіпті. Ол шекараны қорғауы керек қой. Шекарашылардың қолында 24 сағат қару болады. Сондықтан олардың психологиялық жағдайы қиын болса, қауіпті адамға айналады», - деді ол.

Айгүл Құспанның айтуынша, мұндай жағдай бұған дейін ҰКҚ-да кездескен.

«Оның өзін әлі де тексеріп жатыр. Құмар ойынның әсерінен өзіне қол салды ма? Әлде басқа жағдай болды ма, әлі де тергеу жүргізіліп жатыр. Ал Қарулы күштерде ондай жағдайлар бар. Әсіресе, келісімшарт бойынша жұмыс істейтіндер оған бейім», - деді ол.

Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы  заңының жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған еді.