Өрт салдарынан 9 үй өртеніп, екеуі тұруға жарамсыз болып қалған
Бүгін Петропавлда төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жергілікті әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, төтенше жағдай режимі қаладағы Береке ықшамауданынан шыққан өртке байланысты жарияланған.
«Бұл ҚР заңнамасы шеңберінде зардап шеккендерге келтірілген шығынды қысқа уақыт ішінде өтеуге мүмкіндік береді. Материалдық шығын тәуелсіз сарапшылардың бағалауынна сәйкес өтеледі», - делінген хабарламада.
Естеріңізге салсақ, 7 мамырда Сенная көшесіндегі ашық алаңда қамыс өртеніп, соның салдарынан 9 тұрғын үй де жанып кеткен болатын. Тағы 2 үйге зақым келіп, тұруға жарамсыз болып қалған.
Сондықтан бүгінде он бір отбасының жетеуі уақытша баспаналарға жайғасты. Қалған төрт жанұя әзір туған-туыстарын паналауға мәжбүр. Мұнымен қоса зардап шеккен баспана иелеріне 100 АЕК көлемінде материалдық өтемақы төленеді.