Алматы соты қаңтар оқиғасында қайтыс болған марқұмдарға үкім шығарды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар әкімдіктің ғимараты мен Президенттің Резиденциясына шабуыл жасаған

Фото ашық дереккөзден

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздікке қатысып, ғимаратты тонағандарға сот үкім шығарды. Қылмыстық іске бес азамат тартылған. Бірақ олардың бәрі қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде мерт болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, шабуыл жасау фактісі бойынша К., А., К., В., Т.-ға қатысты қылмыстық істерді қарап, бүгін үкім шығарды. Марқұмдарға ҚК 272-бабының 2-бөлігі және 269-бабының 2-бөлігінің 1.6-тармағы бойынша айып тағылған.

«Сотпен К., А., К., В., Т.,-ның 2022 жылғы 4-5 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, ғимараттар мен құрылыстарға шабуыл жасағаны анықталды. Әрі сотталушылар К., А., К., В., Т., тәртіпсіздіктерге қатысу кезінде қайтыс болған.

ҚР ҚК 272-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған, 269-баптың 2-бөлігі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін мүлкін тәркілеумен түріндегі жаза қарастырылған.

Сотталушылардың кінәләрі алынған бейнежазбалармен, куәләрдің және туыстарының тану туралы хаттамаларымен, жүргізілген сот-медициналық сараптамалары және ұялы телефон болған жердің мәліметтерімен, жәбірленушілердің Алматы қаласы Үкіметіне және Президенттің Резиденциясына шабуыл жасаған және қару қолданғаны туралы жауаптармен расталады», - деді Бостандық ауданы №2 аудандық сотының баспасөз қызметі.

Тергеу барысында, сотталушылардың заңды өкілдері қылмыстық істі ҚР ҚПК-тің 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағы бойынша қысқартуға қарсы болған.

Сотталушылар жаппай тәртіпсіздіктерде қатысқан кезде және ғимараттарға шабуыл жасаған кезде қайтыс болған. Сотталушылар кінәлі деп танылса да, қылмыстық жауапкершіліктен қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігі 11-тармағы негізінде босатылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.