Ақтөбеде баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші жұмыстан қуылды

Автор: Azattyq Rýhy

Осы оқиғадан соң шипажайға он камера орнатылмақ

Оқиға «Шағала» шипажайында болды. Алдымен әлеуметтік желілерде баланы сүлгімен ұрып-соққан тәрбиешіге қатысты видео жарияланды. Кейін оның дәл осы шипажайда болғаны анықталып қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Осы оқиғадан соң арнайы комиссия құрылып шипажайға тексеріспен барған. Тексерістің қортындысы бойынша,біраз былық анықталып жасөспірімді ұрған тәрбиеші жұмыстан қуылды. Емдеу мекемесінің психологы да өз еркімен орнын босатты. Шипажай қызметін тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін, бас дәрігер мен оқиға куәсі болған медбикеге қатаң сөгіс жарияланған. Педогогика саласына жауапты бас дәрігердің орынбасары болса қызметінен төмендетілді.

«Балаларға тиісті психологиялық көмек көрсету жағы дұрыс ұйымдастырылмаған. Баланы ұрған тәрбиеші мен оның көмекшісі де жұмыстан қуылды», - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Светлана Есенаманова.

Телеарнаның мәліметінше, сол күні таяқтың астында қалған 10 жастағы Даниал, негізі Екібастұздың тумасы. Осыдан үш жыл бұрын анасы ата-аналық құқынан айырылғаннан кейін, оны Ақтөбеде патронаттық отбасы асырап алған. Асырап алған анасы да қайтыс болып, өткен жылдан бастап Қобда балалар үйінде тәрбиеленген. Шипажайға ақпанда емделуге жіберіліпті. 

Белгілі болғандай осы тексерістен кейін шипажайға жергілікті бюджеттің есебінен тағы он бейнебақылау камерасы орнатылмақ. Сонымен қатар шипажайдың бас дәрігеріне материалдық техникалық базаны реттеп, балаларды дамытуға арналған ойыншықтар мен тәрбиелік құралдар алу міндеттелген.