Желіде тараған екі мас пен полицейдің төбелесіне қатысты ресми түсініктеме берілді

Автор: Azattyq Rýhy

Олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай қарсылық көрсеткен

Фото ашық дереккөзден

 Екібастұзда көшедегі екі мас адам полицейлердің заңды талаптарына бағынбай қарсылық көрсеткен. Орын алған оқиға барысында полицейлердің нысанды киім-кешектері мен қызметтік көлік құралдары зақымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

22 сәуірде сағат 17:20-да Екібастұз қаласының полициясына Пішенбаев көшесіндегі дүкеннің жанында мас күйдегі адамдар ішімдік ішіп, көпшіліктің мазасын алғаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Полицейлер келген кезде дерек расталды. Шынымен де дүкен маңында 34 жастағы ер адам мен 32 жастағы әйел адам болған. Осыған байланысты полицейлер аталған азаматтарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізу туралы шешім қабылдады. Олар полицейлердің заңды талаптарына бағынбай қарсылық көрсеткен. Жағдай барысында полицейлердің нысанды киім-кешектері мен қызметтік көлік құралдары зақымданған», - делінген полиция хабарламасында.

Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша ұсталғандар «орташа» дәрежелі алкогольдік масаң күйде болған. Барлығы уақытша бейімделу және детоксикация орталығына орналастырылды.

Азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ билік өкіліне қатысты зорлық-зомбылық қолдану дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 380-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны да нақтыланады.