Қарағандыда су құбыры жарылып, Орталық саябақ су астында қалды
Жер бетіндегі су сорып алынды, құбыр арқылы су беру тоқтатылды

Бүгін, яғни, 17 сәуірде Қарағандыда Орталық мәдениет және демалыс саябағының аумағындағы су құбыры жарылып, апат орын алды. Апатқа байланысты саябақ су астында қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қарағанды су» ЖШС-не сілтеме жасап.
«17 сәуірде екі кіші көлдің ортасында орналасқан Орталық мәдениет және дамалыс саябағы судың астында қалды. Оның жанынан 2016 жылы салынған, диаметрі 800 мм-ді құрайтын полиэтилен құбырларынан тұратын магистральды су құбыры өтеді. Құбыр Михайловка, Б.Жырау, Ержанов, Газалиев көшелері мен Ақтас ауылы тұтынушыларына су беруді қамтамасыз етеді. Төтенше жағдай бригадасы болжамды апат орнына шұғыл жетіп, сағат 11:20-да аталған құбыр арқылы су беруді тоқтатты», - делінген хабарламада.
Жер бетіндегі су сорып алынды, құбыр арқылы су беру тоқтатылды, бірақ аз мөлшерде (сағатына шамамен 30 текше метр) мұнда су келіп жатыр.