Жамбыл және Түркістан облыстарында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр
Жамбыл және Түркістан облыстарында жанармайды елден тыс жерге шығарған жүргізушілер анықталып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ІІМ баспасөз қызметі мәлім еткендей, Жамбыл және Түркістан облыстарында 10 сәуірден бастап ішкі істер органдары көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, жанар-жағармайды елден тыс жерлерге әкетуге жол бермеу бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуге кірісті.
«Полиция қызметкерлері тиісті рұқсатсыз қосымша жанармай бактарын орнату арқылы көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу фактілерін анықтауға ерекше назар аударады. Бұл құқықбұзушылық үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 7-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылады (Тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару)», - делінген хабарламада.
Іс-шараның үш күнінде осындай құқықбұзушылықтар жасағаны үшін 57 жүргізуші жауапқа тартылды, 21-ші әкімшілік материал бойынша көлік құралдарын одан әрі пайдалануға тыйым салынды.