Олар салымшылардың ақшасына жылжымайтын мүліктер мен көліктер сатып алған
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «HAS Holding» қаржы пирамидасын ұйымдастырған бір топ тұлғаның заңсыз әрекетін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ұйымдастырушылар сенгіш азаматтарды инвестицияланған соманың 70% дейін пассивті ай сайынғы табысқа уәде беріп, ақшасын түрлі инвестициялық жобаларға салуға шақырған. Қаржы пирамидасы өзін сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын компания ретінде көрсеткен. Салымшылармен «Upgrade-AS», «Holding AS», «XAS-Logistic», «light-AS» және басқа да компаниялардың атынан келісімшарттар жасалған», - делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, салымшылар үшін міндетті шарттардың бірі 180 000 теңгеге Қытайдан әкелінді делінетін тұрмыстық тауарларды сатып алу болған.
«Пирамиданың тұрақты жұмысының көрінісін жасау үшін алынған ақшаның бір бөлігі салымшыларға сыйақы төлеуге бағытталады. Алайда ұйымдастырушылар салымшыларды алған сыйақысын пирамидаға қайта салуға шақырады. Ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде жалған акцияларды ұйымдастырып, Астана мен Қосшыда көпқабатты үйлер салғанын көрсетіп, құрылыс декорациясы жасалып, арнайы техника жалдайды», - деп түсіндірді ведомтво өкілдері.
Алынған ақшаға ұйымдастырушылар бірқатар жылжымалы және жылжымайтын мүлік (жер телімдері, пәтерлер, автокөліктер) өздері мен жақын туыстарының атына рәсімдеген.
«Аталған қылмысты жасады деген күдікпен қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған қатысты соттың санкциясымен «қамау» бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазір салымшылар арасында жалған ақпарат таралуда. Осыған байланысты тек ресми ақпаратқа сенуіңізді сұраймыз. Құқықтарын реттеу және келтірілген залалды өтеу үшін «HAS Holding» қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккендердің көрсетілген нөмірге хабарласуын сұраймыз», - деді ҚМА өкілдері.