Шымкентте аса ірі көлемде есірткі қойып кетіп жүрген әйел адам ұсталды
Қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері аса ірі мөлшердегі есірткі заттарын таратпақшы болған 26 жастағы әйел адамды қолға түсірді. Бұл туралы Azattyq Ruhy қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Тексеру барысында аталған азаматшаның қалтасынан есірткі заттары салынған 8 дана полиэтиленді орамалар тәркіленіп алынды. Ол есірткі заттарын жасырын орындарға қойып кетуді жоспарлаған.
«Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат есірткінің синтетикалық түріне жататыны нақтыланып, жалпы салмағы 300 грамды құраған.
Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері есірткіні өткізумен байланысты қылмыстар ауыр санаттағылар қатарына жататынын ескертеді.