Тұрғындар су бұдан да көп мөлшерде келе ме деп алаңдаулы
Батыс Қазақстан облысының тасқын сумен алысып жатқанына бір аптаның жүзі болды. Тасқын Орал қаласындағы «Ягодка», «Парус», «Вишневый сад», «Путеец» сынды саяжалай үйлеріне де жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Мой город» порталына сілтеме жасап.
Саяжай иелері алғашында қарғын суға өз күшімен тосқауыл болуға талпынған, алайда 50 шақты үй зардап шекті.
«16 наурызда саяжайымызды құтқаруға тырыстық. Жергілікті тұрғындардың барлығы дерлік жиналды, бөгетке жол тарттық, қапшықтарға құм толтырып, олармен суға тосқауыл боламыз ба деп едік, онымен болмады. Су басқа жермен кетті. Біз сол жаққа бардық. Саяжайшылар өз күшімен тосқауыл қойды, құтқарушылар келгенімен, олардан онша көмек болмады. Адамдар жыл бойы осы жерде тұрады, көпшілігі балалы-шағалы. Суға кеткендер үйлерін тастап, туысқандарын жағалап кетуге мәжбүр болды», - дейді «Вишневый сад» саяжайының тұрғындары.
Адамдар су одан да көп мөлшерде келе ме деп алаңдаулы. Олардың айтуынша, мұндай тасқын соңғы рет 2011 жылы болған. Мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінінен адамдар үміт үзген. Саяжайларды қалпына келтіруге шенеуніктер әу баста қаражат көрсетілмегенін айтты.
«Өткен аптада Деркөл мен Шаған өзендері арнасынан тасыды. Судың бетін тоң мұз басқан, ал еріген су арнасынан тасып, жан-жаққа жайылып жатыр. Сөйтіп біздің саяжайларымыз су астында қалды. «Ягода» саяжай қауымдастығында 35 щақты тұрғын үйді су басып қалды. Бүгінгі күні Деркөл өзенінің деңгейі төмендеді, алайда адамдарды эвакуациялауға тура келді. Біз күнделікті барлық саяжайға барамыз. Су басу қаупі бар жерлерде адамдар өз күшімен әрекет етіп жатыр», - дейді Батыс Қазақстан облысы бойынша саяжайшылар қауымдастығының төрағасы Андрей Заозеров.
Оның айтуы бойынша, 16 наурызда Шаған өзенінің деңгейі көтеріліп, «Путеец» саяжай қауымдастығындағы 15 шақты үйді су басқан. Сонымен қатар қауіп Самал ауданындағы «Бирюса», «Звездочка», «Энергетик» қауымдастықтарына әлі де төніп тұр. Өзеннен алыстау орналасқан үйлер еріген қар суының астында қалды.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Балтаевтың айтуы бойынша, саяжайдағы жер телімдері тек бау-бақшалықпен айналасуға арналған, жыл бойы ол жерлерде тұруға арналмаған. Алайда шығын өтеле ме, жоқ па, оны арнайы құрылған комиссия мүшелері шешетін болады.
Тақырыпқа орай: Қазақстанның екі облысында елдімекендерді су басуы мүмкін – синоптиктер ескертеді
Жалпы есеппен алғанда, төтенше жағдай салдарын жою үшін аймақта бюджеттен 1,8 миллиард тенге қарастырылған.
Жедел штабтың мәлімдемесі бойынша, бүгін, яғни 20 наурызда Шаған өзеніндегі су деңгейі қауіпті көрсеткішке жақындап келеді. Қауіпті сан 1300 сантиметр болса, қазірдің өзінде 1122-ге табан тіреген.