Түркістан облысында үш күннен бері 5 жасар қыз іздестіріліп жатыр

Автор: Мира Байбек

Еріктілер 2018 жылы туған қыздың Арыс өзеніне құлап кеткенін хабарлады

Түркістан облысында үш күннен бері Арыс өзеніне құлап кеткен бес жасар қыз іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Tengrinews.kz жазуынша, оқиға 17 наурызда Түлкібас ауданы Еңбек ауылының маңында болған. Іздеу жұмысына қатысып жатқан еріктілер 2018 жылы туған Нұрикамал Серік есімді қыздың Арыс өзеніне құлап кеткенін хабарлаған.

«Қыз баланы көргендер болса, оның әкесіне: +7 (771) 639-26-22 телефон нөміріне хабарласуын сұраймыз», - делінген хабарламада.

Полицейлер мен құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, әзірге еш нәтиже жоқ.

«Барлық мүдделі еріктілерден іздеу жұмысына қосылуды сұраймыз», - дейді еріктілер.

Облыстық ТЖД өкілдері іздеу жұмысына қатысты пікір білдіріп, баланың жоғалғаны туралы  хабарлама 17 наурызда сағат 22:00 шамасында түскенін хабарлады.

«112 пультіне кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бала бұған дейін сағат 17:00-де әпкесімен бірге үлкендердің қарауынсыз Арыс өзеніне ойнауға кеткен. Кәмелетке толмаған әпкесінің айтуынша, қызды ағыс алып кеткен», - деп түсіндірді ТЖД өкілдері.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері, бір кинолог және екі техника жұмылдырылған. Оларға көмекке Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері, бір техникасы мен бір су көлігі де қосылды. Сонымен қатар іздеу жұмыстарына Полиция департаментінің 16 қызметкері мен екі техникасы, сондай-ақ әкімдіктің 10 қызметкері мен жергілікті тұрғындардан 150 адам жұмылдырылған.

«Іздеу жұмыстары жалғасады. ТЖД облыс тұрғындарын балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Балалардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлуді, олармен қауіпсіздік шаралары туралы сөйлесуді ұсынамыз. 18 жасқа дейінгі балаларға үйден өз бетінше, ересектерсіз шықпауы керек екенін ескертіңіздер», - дейді ТЖД қызметкерлері.