Арзан бағаға пәтер алмақ болған алматылық 9 млн теңгесінен айрылды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті әйел банкте кепілде тұрған үйді арзан бағаға алып берем деп уәде еткен

фотода: жәбірленуші Несіп Смайылбекова

47 жастағы әйел «құрбандарына» массаж жасап, дәрілік шөптер беру арқылы сенімге кірген. Қазір іздеуде жүрген Альмира Абдрашит есімді әйелге алданғандар ол ұсынған суын емдік мақсатта еш күмәнсіз ішіп келгенін айтады. Алайда, олар (жәбірленушілер – авт.) өздеріне массаж жасап жүрген әйелдің бұған дейін де ірі көлемде ақша жымқырып, сотталып шыққанын білмеген. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Бір бөлмелі пәтерін сатып, баспанасын кеңейтуді жоспарлаған Несіп Смайылбекова ақшадан да, үйінен де қағылды. Пәтерін 11 миллион теңгеге сатқан Алматы қаласының тұрғыны ұлының үйлену тойына дайындалыпты. Келін күткен болашақ ене қос бөлмелі пәтер сатып алғысы келетіні жайлы өзіне массаж жасап жүрген Альмира Абдрашитке айтқан. 

«Ол маған жұмыстан шаршап шыққанда шәй беріп, массаж жасап жүрді. Тіптен үш литрлік банкідегі дұға оқытылған суын да ішіп жүрдім. «Суық тиген, дәрілік шөп ем болады» деген соң сендім. Сөйтсем, ол оқытылған, басты айналдыратын су екен. Екі бөлмелі пәтер іздеп жүргенімді білген Альмира  банкте кепілде тұрған үйлерді арзан бағаға алып бере алатынына сендірді. Мен отбасымдағылардың қарсыласқанына қарамай, 2019 жылдың 29 тамызында 9 млн 80 мың теңгені нотариус арқылы Альмира Абдрашитке санап бердім. Содан бері оны көрген емеспін», - деді жәбірленуші Несіп Смайылбекова.

Барынан айрылған Несіп кейін өзі сияқты алданған адамдардың аз емес екенін білген. Альмира аса ірі көлемде алаяқтық әрекетке барғаны үшін 2014 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен 7 жылға сотталған екен. Ла 155/13 түзету мекемесінде жазасын өтеуге жіберілген Альмира Абдрашит мерзімінен бұрын шығып, бұрынғы әдетіне қайта басқан.

«Ол (Альмира Абдрашит - авт.) менімен көрші тұрды. Бізге пәтерін сататын болып, алдын ала кепілге 10 мың доллар ақша алды. Алайда, ол пәтердің банкте кепілде тұрғанын кейін білдік. Сонымен ақшаны да қайтармады, пәтер де басқаның мүлкі болып шықты. Бәрімізді қуып шықты. Оған берген ақшаны өндіру туралы соттың шешімі шықса да, тиісті қаражатты әлі қайтара алмай жүрмін», - деді өзін Серік деп таныстырған 72 жастағы зейнеткер.

Іздеуде жүрген күдікті -  Альмира Абдрашит

Жәбірленуші Несіп Смайылбекова бұрын сотталған адам мерзімінен бұрын босатылмаса, мұнша адам зардап шекпес еді деп есептейді. 

«Полиция алаяқ Абдрашитті іздеп жүр дегенге сенбеймін. Жарты жыл өтті, табуға болатын еді ғой. Полиция қылмыстық істі ашып алып, «енді қайта азаматтық сотқа арызданыңыз» деп маған ақыл айтқаннан баса түк бітіріп жатқан жоқ. Менің жанымда алданып қалған (ірі көлемдегі ақша – авт.) тағы үш адам жүр. Бұрын сотталған адам мерзімінен бұрын босатылмаса, мұнша адам зардап шекпес еді ғой», - деді Несіп Смайылбекова. 

Несіп Смайылбекова

Жәбірленушілер полиция іздеп жүрген әйел әлдеқашан шекара асып кетті деп есептейді. Полиция  А. Абдрашиттің үстінен ҚК 190 бабы (алаяқтық) бойынша іс қозғаған. Ал Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі күдікті туралы ақпаратты тек прокуратураның келісімін алған соң жария ете алатындарын жеткізді. 

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы