Жамбыл облысында BMW жолдан өтіп бара жатқан әйелді 3 айлық баласымен қағып өлтірді
Көлік жүргізушісі әйелімен жанжалдасып, жалдымдықты асырғанын мойындады
Қайғылы оқиға 4 наурыз күні Жамбыл облысының Сарыкемер ауылында болды деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
BMW автокөлігін тізгіндеген 28 жастағы ер адам жолдан өтіп бара жатқан 44 жастағы әйел мен оның 3 айлық сәбиін қағып кеткен. Апат салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмса, сәбиі ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің қолында шетінеп кетті.
«Оқиға орнын тексерген мамандар жолдың құрғақ болғанын, көлікте ешқандай ақау шықпағанын анықтады. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші алкоголь ішпеген және қан құрамынан есірткі табылмады. Ұсталған азаматтың айтуынша, апатқа әйелі екеуінің арасындағы жанжал себеп болған. Жол үстінде ашуға булыққан жүргізуші жылдамдықты шамадан тыс арттырғанын мойындап отыр. Алдында келе жатқан көлікті айналып өтуге әрекеттенген ол тізгінге ие бола алмай, жолындағы жүргіншіні қағып кеткен», - делінген полиция таратқан хабарламада.
Қазір осы дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізуші Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалып, көлігі арнайы тұраққа қойылды.