Рөлде отырып әйелімен сөзге келген жігіт екі адамды қағып өлтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Жолаушы әйел оқиға орнында, сәбиі ауруханада көз жұмды

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Қайғылы оқиға Жамбыл облысындағы Сарыкемер ауылында тіркелген. «BMW 728» маркалы көлік мінген 28 жастағы азамат жаяу өткіншілерге арналған жолда 44 жастағы әйелді қағып кеткен. Оқиға орнында көз жұмған әйелдің қолында үш айлық сәбиі болған. Бала Байзақ аудандық орталық ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін аман сақтап қала алмады.

Polisia.kz порталының хабарлауынша, жүргізуші ішімдік ішпеген, есірткі заттарын қолданбаған. Тергеушілер апат болған жерде жол таза, тайғақ болмағанын анықтады. Қазір жол апатына кінәлі азамат Тараз қалалық полиция басқармасының уақытша қамау изоляторына жабылды. Ол көлік ішінде әйелімен сөзге келіп, ашуға булыққанын, соның салдарынан қатты жылдамдықпен жүргенін айтқан. Алдына түскен көліктерді басып озам деп рөлге ие бола алмай қалған жүргізуші жаяу өткіншілерге арналған жолдағы жолаушыны қағып кеткен.

Қазір жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 3 бабы, 345 тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Көлік арнайы тұраққа жеткізілді.