Жалған ақша жасап, қару-жарақ сатқан: ҰҚК қылмыстық топтың ұйымдастырушысын ұстады

Автор: Azattyq Rýhy

Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында қарудың және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық қару мен жалған АҚШ долларын сатудың жасырын арнасының жұмысын жолға қойған қылмыстық іс-әрекеттің ұйымдастырушысы ұсталды. 

«Операция алдында ұзақ уақыт жедел зерделеу жұмысы жүргізіліп, атқыш қару, оқ-дәрі, сонымен қатар жалған америкалық банкноттарды әкелудің тұрақты қылмыстық жүйесі анықталды. Қылмыскерлер жасырыну шараларын қатаң сақтап, заманауи техникалық байланыс құралдарын қолдануы олардың әрекетін әшкерелеуде қиындық туғызған», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Күдіктінің заңға қайшы әрекеті еліміздің қоғамдық-экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық бизнес жойылды.

«Заңсыз айналымнан 4 бірлік қару – «Калашников» автоматының жетілдірілген түрлері, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықтар, 450 астам оқ-дәрі және аса ірі көлемде жалған АҚШ доллары алынды», - делінген хабарламада.

Ұсталған адам қылмысын мойындады және ҚР ҚПК 128-бабы негізінде сот рұқсатымен 2 айға тергеу изоляторына қамалды.

Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.