Жолда қалғандардың арасында балалар да бар
Қостанай облысының аумағында қарлы боранда жолда қалған адамдар құтқарылды, олардың ішінде балалар да да бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты тасжолдарда авариялық-құтқару операциялары жүргізілді.
«9 наурыз күні сағат 4:10-да Қарасу ауданындағы облыстық маңызы бар Қарасу – Большая Чураковка автожолының жабық учаскесінің 10 шақырымында ТЖД күшімен жеке құрамның 2 адамы бар КУНГ арнайы техникасымен қар құрсауынан 2 жеңіл автокөлік жолдың тазартылған учаскесіне шығарылды. 6 адам құтқарылды, оның 3-еуі – бала. Адамдарға медициналық көмек қажет болмады», - делінген хабарламада.
Дәл сол күні сағат 5:15-те Алтынсарин ауданының ТЖ бөліміне Щербаков ауылынан 5 шақырым жерде аудандық маңызы бар автожолда ауа райының қолайсыздығынан 12 жолаушысы бар 4 автокөлік жолда тұрып қалғаны туралы шұғыл хабарлама келіп түсті. Көп ұзамай оқиға орнына құтқарушылар келіп, жолаушыларды жол талғамайтын УАЗ көлігіне тиеді. Құтқарылған азаматтар Щербаков орта мектебінің жылыту пунктіне аман-есен жеткізілді.
«2023 жылғы 9 наурызда сағат 06:05-те Меңдіқара ауданындағы аудандық маңызы бар автожолда Каскат ауылынан 7 шақырым қашықтықта ТЖД күштерімен жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қар құрсауынан 3 адам құтқарылды. Жолаушылары бар жеңіл автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарып, Ломоносов ауылдық округінің әкімдігінің жылыту пунктіне алып барды», - делінген ТЖД хабарламасында.
Бұдан бұрын 8 наурызда сағат 16:20-да Амангелді ауданында өтімділігі жоғары Нива-БРОНТО техникасымен құтқарушылар апатты электр беру желісінің үзілу авариясын жою мақсатында Амангелді АЭЖ қызметкерлері бригадасын жеткізу үшін Қарынсалды ауылына барған болатын.
Қостанай облысының ТЖД тұрғындардан ауа райы нашарлаған жағдайда елдімекендерінен тыс жерге шықпауды сұрайды.