Сотталушы адам шошырлық іске алдын ала дайындалған
Алғашқы сот отырысында сұмдық оқиғаның қалай болғаны айтылды деп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Өмірбеков Нұр-Сұлтан қаласы Тілендиев көшесінің бойында орналасқан «Сәлем» базарына барып, екі литр көлемінде тез тұтанатын бензин қалпындағы жанармайды алдын ала сатып алған. Тез тұтанатын бензин қалпындағы жанармайын қолына алып, қақпағын ашып, Урзабекованың басынан төмен қарай шашып төккен», - деді айыптауды оқыған прокурор Алмат Сембі.
Сөйтіп қылмыс орнынан із суытқанымен, кейін полицейлерге өзі беріліпті. Сол арада күдікті туысқанына да телефон шалған. Жан жарын о дүниелік қылғанын да айтып берген. Ал жәбірленуші ретінде отырысқа келген марқұмның інісі отбасылық жанжалдың бұған дейін де болғанын жасырмады.
Ал марқұм Урзабекова Қаракөздің ағасы күйеубаласының жазасын жеңілдетуге жасаған қитұрқы әрекетін жайып салды. Оның сөзінше, Сапарбектің құжаттарында «психикалық ауытқуы бар» деген анықтама көрсетіпті. «Ол – жалған» дейді.
Еске салып өтейік, 6 қазан күні үстіне бензин құйып, денесінің 75 пайызы жанып кеткен әйел төрт тәуліктен соң көз жұмды. Уақытша қамауда отырған алты балалы әке Сапарбек Өмірбеков «аса қатыгездікпен адам өлтірді» деп айыпталып отыр. Қылмыстық кодекстің 99-бабымен сотталушы 15 жылға дейін жаза арқалауы мүмкін. Қоғамның үрейін туғызған іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралуда. Ендігі сот жарыссөзі 11 наурыз күні өтеді. Ол кезде сотталушының өз нұсқасы тыңдалады.