Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 50-ге жуық үйді су басты
Тұрғындар баспаналарын тастап кетуге мәжбүр
Алматы облысының Ұзынағаш ауылында 50-ге жуық үйдің ауласын су алып, кейбір баспаналардың қабырғасы ажыраған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғандар билік өкілдері әлі келіп көмек бермеді деп отыр. Олар Ұзынағашта бұл жағдай жылда қайталанатынын айтады.
«Менің үйімді 4 жылдан бері су басып келеді. Үйдің іргетасы ажырап, кірпіштері ашылып, құлайын деп тұр», – дейді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Таңнұр Тұрлыбаева.
Әкімдік өкілдері де су басқан үйлердің барын растайды. Алайда, алдын-алу шарасының жүргізілмеуін былай деп түсіндірді.
«Осы күнге дейін тазартылмаған. Жердің беті тоң болғандықтан, техника жерді қазу жұмыстарын жүргізе алмады. Соның салдарынан, осындай жағдайға тап болдық», – дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов.
Ауыл әкімінің сөзінше, елу мың халқы бар елдімекенге облыстық құтқару қызметі, әскери қызметкерлерді қосқанда жүзге тарта жұмысшылар апаттың алдын алу үшін жұмылдырылыпты.
«Әр тұрғынға төтенше жағдай туралы ескертілді. Үйлерді су басқан жоқ, тек ауланы ғана басты. Сараптама жасап жатқанымызға 15 күн болды», – деді Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі Бақыт Бейсенбеков.
Қазір Ұзынағаш ауылдық округі бойынша 10 шақты ірі техника, 5 мотосорғыш, 2 экскаватор арық арналарын ашуға кірісіпті.