Алматыда ер адам мас күйінде өзіне қол жұмсамақ болды
Оны полицейлер құтқарып қалды

Алматы полицейлері 65 жастағы ер адамның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Есенберлин көшесіндегі үйлердің бірінде қайғылы оқиға орын ала жаздады. Үй иесі мас күйінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ алдымен қоштасу үшін туыстары мен достарына телефон соққан. Бірінші болып досы дабыл қақты. Ол бірден “102” нөміріне қоңырау шалған.
"Үйдің есігі құлыптаулы болды, оны сындыруға мәжбүр болдық. Үйге кірсек, бұл адам пештің жылыту құбырында ілулі тұрды. Мен көтердім, серіктесім оны шешіп алды. Алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Ауаға шығардық. Жедел жәрдем шақырдық", – деді Медеу аудандық ПБ ЖПҚБ УПП-нің учаскелік инспекторы Алмас Жанғали.
Дәрігерлер зардап шеккен адамға көмек көрсетті. Осыдан кейін ғана ол өзінің қателік жасағанын түсінді.
"Өмірімді сақтап қалған полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет! Бұлай болғанына кешірім өтінемін. Қателік жасадым", – деді суицид жасамақ болған тұрғын.