Петропавлда мектепке балта апарып, 3 оқушыны жаралаған бала 2 айға қамауға алынды

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Қазір қылмыстық істі тергеу жүргізіліп жатыр

Петропавлда мектепке балта ала барып, 3 оқушыны жаралаған бала 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhу тілшісі.

Қылмыс облыс ортылағындағы №4 мектепте тіркелді. Жарақат алған балалардың екеуі ауруханаға  жатқызылды. Ал біреуіне алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген. Оқиға таңғы 8-дер шамасында болған. Күдікті дәретханаға кіріп, бетперде киіп, сөмкесіндегі балта мен пышақты алып шыққан. Жолай кездескен балаларды жаралай берген.

Оның психоневрологиялық диспансерде арнайы есепте тұрғаны белгілі болды. Мұғалімдердің айтуынша, баланың мінез-құлқы ешқандай күдік тудырмаған. Тек оқу жылының басында ауырып, сабаққа қараша айының соңында келген. Бұл мектепте күзетші жоқ. Ешқандай қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған. Бала суық қарумен ішке емін-еркін кірген. Жалпы өңірде орта білім беретін нысандардың ешқайсысында күзет қызметі жұмыс істемейді. Бүгін екі күндік үзілістен кейін аталған мектептің балалары қайтадан сабаққа барды.

Оқыс оқиғаға орай Петропавл мектептерінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейі тексеріледі. Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылмақ. Білім ошақтарындағы бейнебақылау, күзет және дабыл тетігінің жарамдылығы мен турникет жүйесінің бар-жоғы анықталады. Өңірде жұмыс істеп тұрған 400-ден астам мектептің 25-і ғана аталған қондырғымен жабдықталған. Сонымен қатар, биыл 50 мектеп арнайы күзет қызметімен қамтылмақ. Бұл мақсатқа 100 млн теңге бөлінді.

«Министрлік бекіткен ережеге сай, жалпы білім беретін мектептер оқушы саны бойынша 3 санатқа бөлінеді. Біріншісіне мамандандырылған күзет пен бақылау жүйесі бар турникет керек емес. Өңірде 2 және 3-ші санатқа жататын 50 мектеп бар. Биыл олар мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етіледі», - деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.