Түркиядағы тағы бір қазақстандық әлі күнге дейін хабар-ошарсыз деп есептеледі – СІМ

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол Кахраманмараш қаласында тұрған

Фото: Benoit Tessier, Reuters

Түркиядағы қазақстандықтардың көбі тұрғын үйлердің бұзылуына байланысты құжаттарын жоғалтқан. Консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын сол жерде рәсімдеп берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Соңғы 4 күнде Газиентеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диарбакир, Шанлыурфа, Адана, Кония, Елазык провинцияларынан 124 Қазақстан азаматы шығарылды. Оның ішінде 58 қазақстандық Астанаға репартициялық рейстермен жеткізілді. Сондай-ақ Қазақстанның тағы бір азаматы хабар-ошарсыз кетті деп есептегенбіз. Біз оны Хатай қаласынан таптық. Ол 2 күн бойы байланысқа шыға алмаған. Қазір ол аман сау, қауіпсіз жерде. Тұратын үйі зақымданбаған», - деді Айбек Смадияров.

Ресми өкіл Қазақстанның тағы бір азаматы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп есептелетінін айтты.

«6 ақпаннан бері ол байланысқа шықпады. Тұратын жері – Кахраманмараш қаласы. Әпкесі министрліктің жедел желісіне хабарласқаннан кейін оны іздестіру жұмыстарын бастадық. Қазір Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қызметкері осы қалаға барып, Түрік құтқарушыларымен бірлесіп, іздестіріп жатыр. Көршілердің айтуынша, үй қираған кезде Қазақстан азаматы сонда болған», - деді ол.

Айта кетейік, Түркиядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты. Хатай провинциясында Қазақстандық екі азамат жер сілкінісінен көз жұмды.