Қазіргі уақытта жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр
Алматыда полиция қызметкерлері жеке сектода орналасқан гараждың прекурсорлар қоймасына айналғанын анықтаған. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Онда есірткі зертханасына тасымалдауға дайындалған жалпы көлемі 700 литр болатын химиялық заттары бар 22 ыдыс тәркіленді. Ұйымдастырылған өндіріс ауқымы екі апта сайын 100 келіге дейін есірткі өндіруге мүмкіндік берді»,-деді ҚР ІІМ өкілі.
Қазіргі уақытта жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр.
Аталған факті бойынша полицейлер жұмыс істеп тұрған екі зертхананы және өндіріске толық дайындалған бір зертхананы және прекурсорлары бар қойманы жойды.
Бас-аяғы 84 келі синтетика және екі тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді.
«Ұсталған адамдарға қатысты ұйымдасқан топты құрғаны және оған басшылық жасап, қатысқаны және аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізгені үшін санкциямен мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық істер қозғалды»,- деді ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.