Жүк көлігіне тиеп алып кеткен күдіктілер жылқыны белгісіз біреуге сатып жіберіпті
26 ақпан күні Кеген аудандық полиция бөліміне жүгінген Ақсай ауылының 87 жастағы тұрғыны қорасынан ағылшын-араб қанды аса қымбат арғымағының жоғалып кеткенін айтып шағымданды, деп жазады Azattyq Rýhy.
Айта кетерлігі, ұрланған ат талай бәйгеде қас жүйріктігімен танылып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанған екен.
Арыз бойынша жедел-іздеу шараларына кіріскен полицейлер көп ұзамай екі ер адамды қолға түсірген.
Күдіктілер Кеген ауданының 19 жастағы тұрғыны мен 25 жастағы алматылық болып шықты.
Ұсталғандар өз қылмыстарын мойындағанымен, жылқыны жүк көлігіне тиеп, аудан сыртына апарған соң белгісіз біреуге сатып жібергендерін айтқан.
Қазіргі уақытта қаскөйлер уақытша қамауға алынды. Арғымақты іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Ұрлық фактісі ҚР ҚК «Ұрлық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Дереккөз: Polisia.kz