Қазіргі кезде үй аулаларын судан тазарту жұмысы жүріп жатыр
Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауған жауын-шашын салдарынан көшелерді су басты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда тұрғын үйлердің су басуына жол бермеу мақсатында, ТЖД қызметкерлерінің көмегімен жаңбыр суын сору жұмыстары жалғасып жатыр.
«2 ақпанда Түркістан облысында қатты жауын-шашын мен қалың қардың еруі салдарынан су деңгейі көтерілді, содан кейін еңіспен төмен қарай су тасқыны болды. Соның салдарынан 2 қалада (Кентау, Түркістан) және 3 ауданда (Бәйдібек, Ордабасы, Сауран) аулалар мен көшелерді су басып, су басқан аулалардың саны анықталуда. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ», - делінген ТЖД хабарламасында.
Аталған хабарламалар бойынша жергілікті атқарушы және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері тарапынан аумақтан су сорып, шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Тазалау жұмысына облыстық ТЖД-ның 56 қызметкері, 10 бірлік техникасы, 20 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар көшелерді, үйлердің аулаларын су басу фактісіне байланысты ТЖД жедел желісі іске қосылып, тұрғындар тарапынан хабарламалар түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар атқарылуда.