Сауд Арабиясына қажылыққа бару уақытша тоқтатылды

Автор: Azattyq Rýhy

Корольдік Меккеге қажылыққа және Мединедегі Пайғамбар мешітіне келушілерді елге кіргізбейтін болды

Сауд Арабиясының билігі коронавирустың таралуына байланысты Меккеге қажылыққа келушілерді елге кіргізуге уақытша шектеу қойды. Бұл туралы корольдіктің  Twitter желісіндегі ІІМ парақшасында жария етілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Корольдік Меккеге ұмраға (кіші қажылық) келгендер мен Медине қаласындағы Пайғамбар мешітіне келушілерді уақытша елге кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, коронавирустың таралу қаупі жоғары елдердің визасын алған азаматтар да туристік мақсатта ел аумағына кіре алмайды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, елге кіру бекеттерінде барлық шетелдіктердің бұрын қандай елдерде болғаны қатаң тексеріліп жатыр.

Соңғы деректерге сүйенсек, коронавирус әлемнің 47 еліне тарап кеткен. Вирус жұқтырғандар саны 81 мың адамнан асты, 3 мыңға жуық адам көз жұмды, олардың басым көпшілігі індет ошағы саналып отырған Қытайдың Хубэй провинциясының тұрғындары.

Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустың біздің елімізге де келуі мүмкін екенін жоққа шығармайтынын, сондықтан індеттің алдын алуға қатысты барлық шара қабылданып жатқанын айтқан болатын.