Әскери бөлімнен қару-жарақ ұрлаған сарбаздың төртінші сыбайласы ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті Шымкентте жасырынып жүрген жерінен қолға түсті

фото: ІІМ баспасөз қызметі

Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі Шымкент маңындағы әскери бөлімнен ұрланған қарулар толығымен тәркіленгенін хабарлады. 

Естеріңізде болса, 20 ақпан күні түнде Түркістан облысында Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімшесінде келісімшарт бойынша борышын атқарып жүрген әскери қызметші, кіші сержант Абылай Балғынбай кезекшілікті өз бетімен тастап шығып, 30-ға жуық қару-жарақты ұрлап кеткен болатын. Қашқын сол күні ұсталды. Қазір осы іске қатысы бар деген күдікпен 8 адам қамауда отыр. Олардың ішінде әскери бөлімнің басшысы да бар.

Ішкі істер министрлігі мен ҰҚК арнайы жедел тергеу тобы қару-жарақты алып қашқан Абылай Балғынбаевтың төртінші сыбайласын досының үйінде ұстаған. Тінту кезінде әскери бөлімнен ұрланған 2 Макаров тапаншасы мен жарақаттайтын қару тәркіленген.

Бұған дейін белгілі болғандай, әскери қызметші жыл басынан бері қару-жарақ ұрлап келген.