Талдықорғанда жатақхана коменданты студенттердің атына несие рәсімдеп келген

Автор: Әйгерім Ердәулет

Зардап шеккен азаматтардың саны 18-ге жеткен

Фото ашық дереккөзден

Жетісу облысы Талдықорған қаласындағы жатақхана коменданты бірқатар алаяқтыққа қатысы бар деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық фактілері бойынша арыздар Талдықорған полициясына 2022 жылдың қазан айында түсе бастаған. Тәртіп сақшылары қылмыс жасады деген күдікпен студенттік жатақханалардың бірінің бұрынғы комендантын ұстады.

Қалалық прокуратураның үйлестіруімен қылмыстық істі тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-тармағының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша жүргізілді. Комендант әйел ел бойынша үш банкте және бірнеше микрокредиттік ұйымдарда тауар-ақшалай кредиттерді алаяқтық жолымен ресімдеген деп күдіктелінді. Принтер, теледидар, кондиционер, ұялы телефон түрінде алған және басқа да тауарлар кейіннен сатылған.

"Бүгінгі таңда қылмыстық істе 18 жәбірленуші бар, олардың негізгі бөлігі студенттер. Келтірілген залал шамамен 16 млн теңгеден асады. Жақын арада сотқа жіберу үшін материалдарды дайындайтын боламыз", – деді Талдықорған ҚП бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.