$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағандыда халықты алдаған турфирма иесіне сот үкімі шықты

Турфирма директорының әрекетінен 11 адам зардап шеккен

Қарағандыда халықты алдаған турфирма иесіне сот үкімі шықты
Фото ашық дереккөзден

Өткен жазда Қарағандыда бір топ туристің турфирмаға алданып қалғаны туралы жаңалық тарады. Компания басшысы туристерге шетелге ұшар алдында сатып алынған турлардың жойылғаны мен ақшаның жоқтығын айтып, телефондарына хабарлама таратқан. Артынша өзі полицияға берілетінін айтқан. Егер туристер оны сотқа бермесе, уақыт өте келе ол қарыздарымен есептесе алатын болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ekaraganda.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл іс бойынша Қазыбек би аудандық сотында талқылау өткен жылдың қараша айынан бері жүргізіліп келеді. 28 жастағы Ольга Пожематкинаның ісі ҚК-нің 190-бабы 3-бөлімі бойынша «Алаяқтық, яғни біреудің мүлкін ұрлау немесе өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, адамды алдау немесе сенімін асыра пайдалану арқылы басқа біреудің мүлкіне құқық алу» бойынша қаралды.

Зардап шеккен клиенттердің айтуынша, туристік фирма олардың ақшасын алдау арқылы алды. Себебі, оларға ақшалары кері қайтарылмаған. Турлардың жойылғаны туралы хабарлау тәсілі де таңқалдырады.

Турфирма директорының әрекетінен 11 адам зардап шекті. Жалпы турлар үшін олар 11 миллион 674 мың 549 теңге төлеген.

Сотта Ольга Пожематкина өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол клиенттерді алдауды көздемегенін, тек бизнесті жүргізу барысында қателік жібергенін айтты. Сондай-ақ, ол клиенттерге өтемақы төлеуден бас тартқан жоқ.

Десе де прокурор соттан Пожематкинаға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал 11 жәбірленуші турфирма директорын айып тағылған санкцияға сәйкес жазалауды сұрады.

Турфирма директорының адвокаттары соттан Пожематкинаға жеңілдік сұрады. Өйткені, айыпталушының қолында әлі екіге толмаған баласы бар. Директордың өзі қарыздарын төлеуге мүмкіндігі болуы үшін оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.

Нәтижесінде Қазыбек би аудандық қылмыстық істер сотының судьясы Айгүл Мырзабекова Ольга Пожематкинаны алаяқтық үшін кінәлі деп тауып, колонияға үш жыл қамау туралы шешім шығарды.

«2022 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Пожематкина «В» туристік агенттігінің құрылтайшысы және директоры бола отырып, клиенттердің сенімін асыра пайдаланып, оларды алдап, жақын және алыс шетелдерге жолдамаларды іске асыру туралы интернет желісіне жарнама мен хабарламалар орналастырды. Туристік қызмет көрсетуге шарттар жасасты және сол арқылы 11 674 549 теңге сомасына ақша ұрлады. Сот үкімімен Пожематкина кінәлі деп танылды, оған 3 жыл мерзімге туристік қызмет саласында қызмет көрсетуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, дәл осындай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. 11 жәбірленушінің азаматтық талабы толық қанағаттандырылды», - делінген сот үкімінде.

Енді қамқоршылық органдары баланың кімнің қамқорлығында болатынын шешеді. Қазір немересіне әжесі қарайды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Оған жоғары сатыда шағымдануға және наразылық білдіруге болады.

Серіктес жаңалықтары