Қордай ауданының екі тұрғыны героинмен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Есірткінің ауыр түрі саналатын героиннің салмағы бір келіден асады

Жамбылдық полицейлер аса ірі көлемдегі есірткі затын сатушыларды ұстады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

25 ақпан күні Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы іздестіру шаралары барысында Қордай ауданында тұратын 45 және 42 жастағы екі азаматтың тұрғылықты мекенжайына тінту жасаған. Нәтижесінде күдіктілердің бірінің үйінен полиэтилен қалташаға салынған есірткі заты табылған. Екіншісінің де жазғы ас үйінен есірткі тәркіленген.

Сот-химиялық сараптама актісіне сәйкес, тәркіленген зат «героин» есірткісі екені анықталды. Есірткінің ауыр түрі саналатын героиннің салмағы бір келіден асады. Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 297-ші бабы 3-ші бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.