Бүгін түнде Оралға Италиядан KKS-Sicim бас директоры келгені белгілі болды
Батыс Қазақстан облысында ереуілге шыққан жұмысшылар төрт күннен бері бас директормен кездесуді күтіп тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мой город» порталының жазуынша, KKS-Sicim басшысы өңірге 19 қаңтарға қараған түні келгені белгілі болды.
Бүгін, яғни 19 қаңтарда KKS-Sicim компаниясы жұмысшыларының 16 қаңтарда бастаған ереуілі одан ары жалғасты. Жұмысшылар дүйсенбі күні өндірістік база аумағына кір беріс жолды жауып, жұмысқа шықпай қойған болатын. Олар жалақыны 50 пайызға көтеру туралы талап қоя отырып, жыл сайынғы жалақы индексі 5-10 пайыздан аспайтынын, ал азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтердің екі есеге қымбаттағанын алға тартады.
Кәсіпорын басшылығы жалақыны 50 пайызға көтерудің мүмкін еместігін мәлімдеді. Сонымен қатар биыл ақпаннан бастап жалақыны индекстеу 20%-ды құрап отырғанын айтты.
Ереуілшілер мәселе шешілгенше тұра беретінін айтып, Қазақстан Президентіне бейнеүндеу жолдады.
Белгілі болғандай, бүгін түнде Оралға Италиядан KKS-Sicim бас директоры Джузеппе Роделли келген.
19 қаңтардағы таңғы сағат 10:00-дегі жағдай бойынша жұмысшылар наразылығын әлі жалғастырып жатыр.
«Ол қазіргі сәтте базада жатыр дейді, бізге неге келмегені белгісіз. Бәріміз соны күтіп отырмыз», – дейді ереуілшілер.
Айта кетек, кеше, 18 қаңтарда Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов Facebook әлеуметтік желісінде кәсіпорындағы жағдайды айтып, жұртшылыққа дау-дамайды бейбіт жолмен шешуге шақырған, сондай-ақ қазіргі жағдай Қарашығанақ кен орнының (KSS-Sicim Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасымен айналысады – авт.) жоспарланған жұмыстарына кедергі келтіріп отырғаны туралы жазба жариялады.