Петропавл қалалық мәдениет үйінің директоры пара алды деген күдікке ілікті
Жемқорлық дерегіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр
Петропавл қалалық мәдениет үйінің директорына қатысты іс қозғалды. Ол 454 мың теңге пара алды деген күдікке ілігіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Жемқорлық дерегіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Мәдениет үйі жұмысшыларының айтуынша директор жұмысқа аптасына бірнеше рет келіп жүр.
«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау фактісі бойынша Петропавл қалалық мәдениет үйінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Лауазымды тұлға жалпы сомасы 8 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерлік субъектісінен 454 мың теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілікті», - делінген Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Сергей Перов Azattyq Ruhy тілшісінің сауалына берген жауапта.
Петропавлда қалалық мәдениет үйіне қатысты былтыр да шу болған еді. Жөнделгеніне көп уақыт болмаған концерт залының төбесі опырылып түкен болатын. Оқыс жағдай түнде, жұмыстан тыс уақытта тіркелді. Жапа шеккендер болған жоқ. Алайда әкімдік бюджеттен қайта қаржы бөліп, нысанды жөндеуді жоспарлаған. Араға бір жылдан артық уақыт салып, басшысы парамен ұсталып отыр.
«Бұдан басқа, жоғарыда аталған лауазымды тұлғаның мемлекеттік сатып алудың күшін жою туралы бұйрықты заңсыз шығаруы және баға ұсынысы байқау жеңімпазының ұсынысынан 2 есе дерлік асып түскен, конкурстың басқа қатысушысымен шарт жасасу жолымен заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактісі анықталды. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. Күдіктілердің кінәсін сот анықтайды», - деді Сергей Перов.