$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.01.2023, 11:50
Оқиғалар

Жамбыл облысында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ арсеналы табылды

Есірткіге қарсы күресушілер жыл басынан бері төрт қару-жарақ орнын тапқан

Жамбыл облысында қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақ арсеналы табылды
Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында есірткі қылмысын ашу барысында қару-жарақ сақталған орын табылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында Төле би ауылында бос қалған ғимараттың ішінен арсенал қару-жарақты тапты.

«Полицейлер жартылай автоматты тегіс ұңғылы Mossberg мылтығын, екі тегіс ұңғылы ИЖ-16 мылтығын, екі ұңғылы ТОЗ-16 екі шолақ мылтықты, төрт ұңғылы ПБ-4 Оса тапаншасын, Револьвер Reg agent газ тапаншасын, ПМ тапаншасын, жарық дыбыстық гранаталар мен оқ-дәрілерді алды», - делінген хабарламада. 

Табылған ПМ тапаншасы қаңтар оқиғалары кезінде Полиция департаментінің қоймасынан ұрланған екен.  

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірхановтың ақпаратына сүйенсек, есірткіге қарсы күресушілер жыл басынан бері төрт қару-жарақ орнын тапқан.

Жақында ғана Тараз қаласы «Тектұрмас» кесенесінің аумағында және Ниетқалиев көшесінің бойындағы салынып бітпеген үйдің жертөлесінен газды-травматикалық тапаншалары, ПМ тапаншасы, Benelli САТ 13299 карабин, екі ұңғылы аңшылық шолақ мылтық, жарық дыбыстық және газ шашатын гранаталар, оқ-дәрілер жасырылған екі орын табылды.

Алынған қару-жарақтың кейбіреуі Алматы қаласындағы қару-жарақ дүкені мен екі Полиция департаментінің қоймасынан ұрланғандар қатарында. Осыдан бір күннен кейін Талдықорған қаласында есірткі өткізушінің пәтерін тінту барысында газ пешінің ішінен есірткі салынған пакет, шарықшақты граната және оқ-дәрілер табылған.

Барлық дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-баллистикалық сараптамалар жүргізіліп жатыр. Ведомствода қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру, сондай-ақ қару-жарақ жасырылған жер туралы мәліметтерді хабаралау, егер құқықбұзушылықтарға қатысы болмаса, заңмен қудаланбайтынын ескертті. Есімдердің жарияланбайтынына кепілдік беріледі.

Серіктес жаңалықтары