27 жастағы күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді
Екібастұзда ер адам зейнеткердің жарты млн теңге салынған сөмкесін ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq ruhy.
Тәртіп сақшылары егде жастағы әйелге шабуыл жасаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстаған. 14 қаңтарда сағат 17:45 шамасында Екібастұз қаласының полиция бөліміне 70 жастағы әйелден Б.Момышұлы көшесінде белгісіз біреудің оның қолынан сөмкесін жұлып алғаны туралы хабарлама түскен. Жәбірленуші күдіктінің киімін – үстінде қара күрте, қара шалбар болғанын есіне сақтап қалған. Бұл шабуылдаушыны тез арада анықтауға көмектесті.
Полиция басқармасының жеке құрамына дереу бағыт беріліп, көрсетілген жерге жақын маңдағы автопатруль жіберілді.
«Сағат 18:00 шамасында рота командирінің орынбасары Ермат Айтмағанбетов қылмыс болған жермен бір аумақтағы мектептің ауласынан бағдары жағынан ұқсас адамды байқаған. Ол полиция қызметкерін көріп, жасырынуға тырысқан. Полиция қызметкері ер адамды қолға түсірді. Оның қолында 520 мың теңге сомасында қаражат, карточкалар, телефон және кілттер салынған әйелдің сөмкесі болды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тексеріс жүргізілуде», – деді Екібастұз қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция ротасының командирі Фаруз Күсембеков.
Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігімен - «тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – тұрғылықты жерінен кетпеу туралы қолхат алынды.